Астана тұрғындарының дастарханына 3 тонна шіріген ет түсуі мүмкін еді

Автор: Алмас Ерсін

Полицейлер заңсыз ет өнімдерін сақтаған қоймадан үш тоннадан астам жарамсыз өнім тәркіледі

Фото: Polisia.kz

Астанада сапаны бақылаудың орнына антисанитариялық жағдай мен азық-түлікті сақтау талаптарының өрескел бұзылуы орын алған заңсыз ет өндірісі анықталды. Жеке тұрғын үйде жасырын ұйымдастырылған цехтан тәртіп сақшылары шығу тегі белгісіз үш тоннадан астам ет өнімін тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

Заңсыз өндіріс полиция қызметкерлерінің жедел-профилактикалық іс-шаралары барысында анықталған. Тексеру кезінде цех иелерінің ешқандай рұқсат құжаттарынсыз жұмыс істегені, ал дайын өнімнің қаладағы дүкендер мен дәмханаларға жеткізіліп отырғаны белгілі болды.

Тексеру барысында өндірістегі санитариялық жағдайдың талапқа сай келмейтіні анықталды. Ет өнімдері тиісті температуралық режим сақталмай, санитариялық нормалар бұзылған бөлмелерде сақталған. Өнімнің бір бөлігінде бұзылғанының айқын белгілері байқалған: өткір жағымсыз иіс шыққан, шыбын-шіркей қаптаған және адам тұтынуына жарамсыз екендігін көрсететін өзге де белгілер болған.

Осылайша, денсаулыққа қауіпті өнім елордадағы дүкен сөрелері мен қоғамдық тамақтану орындарына түсуі мүмкін еді. Алайда полицияның араласуының арқасында барлық өнім тәркіленіп, жойылды.

Жасырын цех иелеріне қатысты заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданды. Құқық қорғау органдары сапа бақылауынсыз азық-түлік өндіру азаматтардың денсаулығына елеулі қауіп төндіретінін ескертті.