Алматыда автобуста маска тақпаған бойжеткен полицияға жеткізілді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол өзін видеокамераға түсірген кондуктордың телефонын сындырған

Алматыдағы қоғамдық көліктердің бірінде маска тағудан бас тартқан бойжеткенге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды деп жазады Polisia.kz.

Аталған оқиғаның видеосы Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған. Маска тақпаған қызға кондуктор ескерту жасайды. Алайда, талапты орындамаған қыз өзін видеоға түсіріп жатқан камераны көріп ашуға булығады да, кондуктордың қолындағы смартфонды ұрып құлатады.

Аталған жайтқа байлансты Алматы қалалық Полиция департаменті түсінік берді. Тәртіп сақшыларының айтуынша, 22 жастағы бойжеткен Алатау ауданының тұрғыны екен, ол полиция бөлімшесіне жеткізілген.

«Оған қатысты әкімшілік кодекстің екі бірдей бабы бойынша хаттама толтырылды. Яғни, санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтамағаны үшін 30 АЕК (83 мың теңге) айыппұл салынды. Сондай-ақ, ол осы кодекстің 434-бабымен (ұсақ бұзақылық) жауапқа тартылады», - деді Жергілікті полиция қызметінің басшысы Манап Саттаров.