Тәртіп сақшылары демалыс орнынан жалпы 190 бала және 20 қызметкерді эвакуациялады
Абай облысында табиғи өртке байланысты полиция қызметкерлері өрт ошағына жақын орналасқан «DosbolLike» балалар лагерінен 190 баланы және 20 қызметкерді қауіпсіз жерге эвакуациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Абай облысының полиция департаментіне сілтеме жасай отырып.
ІІМ мәліметінше, өрт туралы хабар түскен бойда полиция қызметкерлері лагерьге жетіп, балаларды шұғыл эвакуациялауға кіріскен. Тәртіп сақшылары дүрбелеңге жол бермеу үшін балаларды сабырмен және ұйымдасқан түрде сыртқа шығарған. Ал кішкентай бүлдіршіндерді қолдарына көтеріп, қауіпсіз аймаққа дейін алып барған.
Қазір полиция өңірде күшейтілген режимде қызмет атқарып жатыр. Қауіпті аумақ қоршауға алынып, өрт ошағына апаратын жолдар жабылған. Сондай-ақ өрт сөндіру, инженерлік және өзге де арнайы техникалардың кедергісіз қозғалысы қамтамасыз етіліп, төтенше жағдай қызметтерінің колонналарына ілесіп жүру, жол қозғалысын реттеу, қоғамдық тәртіпті сақтау және тұрғындардың мүлкін күзету шаралары қолға алынған.
ІІМ мәліметінше, Төтенше жағдайлар министрлігі, Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Қорғаныс министрлігі және өзге де ведомстволармен бірлесіп тәулік бойы жұмыс істейді. Осыған байланысты министрлік тұрғындарды құтқару қызметкерлерінің талаптарын қатаң сақтауға, қауіпті аймаққа жақындамауға және арнайы техниканың жұмысына кедергі келтірмеуге шақырды.