Ол бір ай бұрын емшінің үстінен арыз түсірген
Тележүргізуші Динара Сәтжан мен ақтөбелік емші Бағдагүл Лепесова алғашқы сотта кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Динара Сәтжанның өзі жариялады.
«Сөз бостандығына конституциялық құқығымыз бар елде өмір сүріп жатырмыз. Бұл баға жетпес құндылық, бірақ әрбір құндылықтың артында үлкен жауапкершілік тұрады. Сөз бостандығы - ойыңа келгенді айту емес. Әрбір айтқан сөзіңе жауап бере білуің керек. Ешқашан біреуді қорлап, табалауға болмайды. Сөз бостандығы - өзге адамның ар-намысы мен абыройына тіл тигізген жерден тоқтайды. Осыдан бір ай бұрын мен Ақтөбедегі әлгі «емшінің» үстінен сотқа арыз түсірген болатынмын. Міне, бүгін Астанада алғашқы сот отырысы өтті», - деді ол.
Динара Сәтжан әлеуметтік желіде салғыласып отырмай, заңға жүгінетінін атап өтті.
«Мен кек сақтамаймын. Әлеуметтік желіде біреумен ұрсысып, салғыласу да менің әдетімде жоқ. Сондықтан Бағдагүл өз сөздері үшін Тиктокта емес, сот алдында жауап беретін болады», - деді ол.
Еске салайық, бұған дейін Бағдагүл Лепесова әлеуметтік желіде тележүргізуші туралы қорлау сипатындағы мәлімдемелер жасаған. Динара Сәтжан емшінің қызметін тексеруді талап етіп, Ақтөбе облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне жүгінген.