Бірнеше жыл бұрын тұрғын үйдің іргесінен құрылыс нормаларын бұза отырып қонақүй салынған
Астанадағы тұрғын үй кешендерінің бірінде болған жан түршігерлік оқиға әлеуметтік желілерде қызу талқыланып жатыр. Жазба авторы қонақүйге келуші әйелдердің бірі жаңа туған сәбиді кәріз құбырына ағызып жіберген деген күдігін жеткізген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның сөзіне қарағанда, осыдан бірнеше жыл бұрын тұрғын үйдің дәл іргесінен құрылыс нормаларын бұза отырып қонақүй салынған. Содан бері көршілес үйлердің мазасы қашқан.
«Біздің үй мен қонақүйдің кәріз жүйесі ортақ. Түнгі сағат үште көршіміз телефон соғып, канализация құбырынан шақалақ табылғанын хабарлады. Оқиға орнына жедел жеткен қылмыстық іздестіру бөлімінің қызметкерлері бізден күдіктілер туралы сұрады. Біз бұл жүз пайыз қонақүйге келушілердің әрекеті екенін айттық. Тіпті тәртіп сақшыларының өздері бұл жердің нашақорлар ордасы екенін жақсы білетін болып шықты», - дейді ол.
Астана қаласы Алматы аудандық полиция басқармасы оқиғаға қатысты ресми түсініктеме берді.
«Кәріз құбырынан шақалақ табылуы фактісі бойынша Алматы ауданының полиция басқармасы сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдарын бастады. Қылмыстық іс аясында кешенді жедел-іздестіру шаралары жүріп, қажетті сот-медициналық сараптамалар тағайындалды. Сотқа дейінгі тергеу барысында аталған қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға қатысы бар күдікті тұлға анықталды», - делінген хабарламада.
Қазір тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпараттар жарияланбайды. Тұрғындар бұл жезөкшелер мен нашақорлар жиналатын орынның толықтай жабылуын және кінәлілердің заң алдында қатаң жазалануын талап етіп отыр.