Ақмола облысында жол апатынан үш адам қаза тапты

Автор: Алмас Ерсін

Полиция апаттың барлық мән-жайын анықтап жатыр

Фото: © istockphoto.com

Ақмола облысында адам өліміне әкелген жол-көлік оқиғасы болды. Апат Бұланды ауданындағы Жаңаталап ауылы маңында, Астана – Петропавл автожолында болған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy sinegor.kz сайтына сілтеме жасап.

Алдын ала мәлімет бойынша, жеңіл автокөлік жол қоршауына соғылған. Соққыдан кейін көлік өртеніп кеткен.

Оқиға салдарынан көліктегі үш жолаушы қаза тапты. Алдын ала мәліметке сәйкес, олардың барлығы бір отбасының мүшелері болған. Атап айтқанда, алты жастағы бала, оның анасы және жүргізушінің әпкесі көз жұмған. Көлікті басқарған ер адам ауыр күйік алып, ауруханаға жеткізілді.

Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, оқиға орнында полиция қызметкерлері мен жедел қызмет өкілдері жұмыс істеп жатыр. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп, апаттың барлық мән-жайы мен себептері анықталуда.

Жол-көлік оқиғасына байланысты тексеру басталды. Оның қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады.

Полиция азаматтарды тергеудің ресми қорытындысын күтуге және расталмаған ақпаратты таратпауға шақырды.