Астанада өз клиникасына 15 мың адамды тіркеп, «Damu Med» арқылы ақша жымқырған дәрігер бес жылға сотталды
Оның сыбайласы мемлекеттік ауруханада жұмыс істеген
Астана қаласындағы «Forte Clinic (Tumar)» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржы алу мақсатында емханаға тіркелген азаматтар санын жасанды түрде көбейткені үшін бес жылға сотталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оның ісін Қаржы мониторинг агенттігінің Астана қаласындағы департаменті тергеген.
«Тергеуге сай, «Forte Clinic (Tumar)» ЖШС жеке клиникасының басшысы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан негізсіз қаржы алу мақсатында емханаға тіркелген азаматтар санын жасанды түрде көбейткен. Оның сыбайласы - «Денсаулық сақтауды дамытудың ұлттық ғылыми орталығы» ШЖҚ РМК қызметкері болған. Сыбайластар заңды бұза отырып, 15 мыңнан астам адамды емханаға тіркеген», - деп хабарлайды ҚМА.
Тексеру барысында басқа өңірлердің тұрғындарын, заңды өкілдерінің құжаттарынсыз кәмелетке толмағандарды, сондай-ақ елден тыс жерге кеткен азаматтарды тіркеу фактілері анықталды.
«Сонымен қатар клиника басшысы «Damu Med» ақпараттық жүйесіндегі медицина қызметкерлерінің аккаунттарын әкімшілік өкілдерінің телефон нөмірлеріне байланыстырып, олардың есептік жазбаларын бақылауға алған. Сол арқылы Сақтандыру қорынан ақша алып отырған. Осылайша, мемлекетке 79 млн теңге залал келген. Сот үкімімен клиника басшысы 5 жылға, ал Денсаулық сақтауды дамыту орталығының қызметкері 3 жылға бас бостандығынан айырылды», - деп хабарлайды ҚМА.