«Күйеуіне ренжіп қалған»: Түркістан облысында жеті күн бұрын жоғалып кеткен әйел мен балалары табылды

Автор: Бақыт Шынар

Оны полиция жеті күннен бері іздеген еді

Фото: instagram.com/gulmira_abykai_official/

Түркістан облысында жеті күн бұрын үйінен шығып кеткен көп балалы ана аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Түркістан облысының полиция департаменті хабарлағандай, әйел таксиден табылған. Жалпы, бұған дейін хабарлағынымыздай, Түркістан облысында көпбалалы ана төрт баласымен бірге жоғалып кеткен деген ақпарат тараған еді. Полицияға оның күйеуі арызданып, бала-шағасы мен әйелін іздейтінін айтқан.

«Із-түзсіз жоғалған әйелдің қасында жастары 6,5,3 және 10 айлық төрт баласы болған. Полицейлер ауданның кіреберісі мен шығаберіс бағыттарына бақылау бекеттерін қойып, автокөліктерді тексерді. Осы іздеудің арқасында әйел балаларымен бірге таксимен келе жатқан жерінен анықталып, полиция бөліміне түсті. Тексеру барысында анықталғандай, әйел күйеуімен ренжісіп, балалары мен құжаттарын алып, Шымкент қаласына кетіп қалған. Онда ешкімге айтпастан пәтер жалдап тұрғаны анықталды», - деп хабарлайды Түркістан облысының полиция департаменті.

Полиция әйелдің туыстарын шақырып, олармен де әңгімелескен. Отбасы мүшелері өзара татуласып, үйлеріне аман-есен оралған.