Бір «закладка» 2000 теңге – Алматыдан Таразға «жұмыс» іздеп барған 43 жастағы әйел 7 жыл бойы түрмеде отыратын болды

Автор: Бақыт Шынар

Әйел тапсырысты «Telegram» арнасындағы өзі танымайтын кураторлардан алған

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Тараз қаласының №2 соты 43 жастағы әйелдің ісін қарап, оны жеті жылға соттады. Алматыдан Таразға жұмыс іздеп келген әйел Telegram арқылы өзі танымайтын кураторлардан тапсырма алып, a-PvP есірткісін таратқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Алматы қаласында жұмыс таба алмаған 43 жастағы сотталушы әйел Telegram мессенджері арқылы табыс туралы хабарландыруға жауап берген. Хат жазғандар Тараз қаласы бойынша «есірткі жасырушы» жұмысын ұсынған. Алматыдан келгеннен кейін, ол кураторлардан есірткі жасырынған орындардың координаттарын алып, оларды алып, бөліп, орап, қаланың әртүрлі жерлеріне орналастырып, кураторларға суреттер мен координаттарды жолдаған. Әр жасырылған есірткі үшін оған 2000-2500 теңге уәде еткен», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.

Әйелді 2026 жылдың сәуірінде, есірткі жасырып жатқан жерінен полиция қолға түсірген. Тінту барысында одан жалпы салмағы 123 грамнан асатын психотроптық a-PvP заты бар түйіншектер, электронды таразылар, орауыш материалдар және басқа да заттар табылған.

«Оның кінәсі тінту, сотталушының айғақтары, сараптама қорытындыларымен және заттай дәлелдемелер арқылы дәлелденген. Прокурор сотталушыны 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған. Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, оған ең жеңіл жаза тағайындауды өтінген. Сот осы мән-жайларды ескере отырып, әйелді жеті жылға соттады», - деп хабарлайды Жамбыл соттары.