Жүздеген үлескер бүгін құрылысы аяқсыз қалған тұрғын үй кешені маңына жиналды
Елордадағы «Жағалау» үлескерлері тағы да шу шығарды, деп хабарлайды Астана телеарнасы. «Жағалау» құрылысын әу баста «ASI» компаниясы бастаған. Кейіннен теңге құнсызданып кәсіпорын банкротка ұшырайды. Компаниямен бірге 1,5 мыңға жуық үлескер сан соғып қалды. Оның басым көпшілігі пәтердің ақшасын алдын ала 100 пайызға төлеп қойған. Кейбірі, ресми тапсырылмаған үйге кіріп те алыпты.
«Мен қатты шаршадым. Бәрін өзіміз істеп жатырмыз. Кіріп жатырмыз. Пәтер жалдап тұрудан шаршадық. Жертөленің астының бәрі екі метр су. Мына үй ертең отырып қалатын шығар деп қорқамын мен. Көшіп келгенімізге 4 күн болды. Балконы істелмеген. Құжат бойынша қабылданбаған үйде әр басқан қадамыңыз қауіпті»,- дейді тұрғын.
Күні кеше ғана мұнда ойын жасындағы бір бала тоққа түсіп, күйіп қалыпты. Әкімдік өкілі құрылыс нысанына келіп, мән-жайды тағы түсіндірді. Оның сөзінше, мердігер мекеме есебінен жақында жедел саты сатып алынады. Ал тұрғын үй құрылысы толығымен аяқталуы үшін үлескерлердің өздері қимылдауы керек. Олар тұрғын үй кооперативін құрып, құрылысты аяқсыз қалдырған компанияға арыздануы тиіс.
«Үлескерлердің құйған қаржысы қазір банкте жатыр. Шамамен, миллиардтаған сома жиналған. Оны өндіріп алу үшін тұрғындарға жұмылып, сотқа арыздану керек. Сонда 2-3 айдың ішінде мәселе реттеледі. Біз осы бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізгенбіз. Бұл осы құрылыс нысанында ғана кезедесетін мәселе емес. Басқа үлескерлерге де осындай кеңес береміз»,- дейді Нұр-Сұлтан қалалық ортаны бақылау мен сапа басқармасы бастығының орынбасары Дәулет Досқұлов.
Жиналғандарға әкімдік өкілінің сөзі өтпегенге ұқсайды. Үлескерлер «Мемлекет басшысының атына хат жазамыз» деп тарқасты.