Алматыда ағаш құлап зардап шеккен 19 жастағы қыз көз жұмды

Автор: Алмас Ерсін

Қыз 27 маусымнан бері комада жатқан, алайда дәрігерлердің барлық күш-жігеріне қарамастан қайтыс болды

Фотоколлаж: instagram.com/almaty_typical / pexels.com

Алматыдағы ауруханада Баума тоғайында ағаш құлап зардап шеккен 19 жастағы Селина Әбітова көз жұмды. Дәрігерлер қыздың өмірі үшін екі аптаға жуық уақыт күресті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қыздың қайтыс болғанын 10 шілде, жұма күні №4 қалалық клиникалық аурухананың баспасөз қызметі хабарлады.

Баспасөз қызметінің мәліметінше, дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін қолдан келгеннің бәрін жасаған. Анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінде реаниматолог дәрігерлер мен орта буын медицина қызметкерлері тәулік бойы бақылау жүргізген.

«Жүргізілген барлық емдеу және диагностикалық шараларға қарамастан, науқастың жүрегі 14-ші күні тоқтады. Реанимациялық шаралар жүргізілгенімен, биологиялық өлім тіркелді», – деп мәлімдеді аурухананың баспасөз қызметі.

Еске салайық, 27 маусым күні Алматыдағы Баума тоғайында отбасымен серуендеп жүрген 19 жастағы қыздың үстіне ағаш құлаған болатын. Зардап шегуші №4 қалалық клиникалық ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілді.

Науқас шұғыл түрде анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөліміне жатқызылды. Ол кома жағдайында болып, өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Сондай-ақ оған бірнеше рет қан және оның компоненттері құйылған. Қыздың жағдайын реаниматолог дәрігерлер мен қарқынды терапия бөлімінің медицина қызметкерлері тәулік бойы бақылауда ұстады.

Алматы полициясы Баума тоғайында ағаш құлап, 19 жастағы қыздың ауыр жарақат алу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.