Демалушылардың айтуынша, екі күндік демалыстан кейін 13 адамның 10-ы ауырып қалған
Бурабай маңындағы демалыс базасына қазақстандық әйел шағымданды. Оның айтуынша, 13 адамнан тұратын компания тәулігіне бір коттедж үшін 100 мың теңге төлеген. Әйелдің сөзінше, олар әлеуметтік желідегі жарнамаға сеніп, алдын ала төлем жасаған. Алайда барған соң үйлердің жағдайына, сантехникаға және қызмет көрсету сапасына көңілдері толмаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Instagram желісінде Ильмира есімді қолданушы Furor Hotel демалыс базасындағы демалысы туралы пікірін жариялады. Оның айтуынша, төрт отбасыдан құралған 13 адам 5-7 шілде аралығында, яғни екі тәулік сонда демалған. Әйел бұл орынды қазақстандық блогердің ұсынысынан кейін таңдағандарын айтты.
Жазба авторының айтуынша, бір коттеджді жалдау тәулігіне 100 мың теңге тұрған. Алайда көрсетілген қызмет сапасы төленген ақшаға сай болмаған. Ол жарылған ыдыстарды, үйлер мен жуынатын бөлменің тазалығының көңіл көншітпегенін атап өтті.
«Демалуға келіп, асханаға барып швабра сұрап алып, әжетханадағы еденді өзім жудым. Қызмет көрсету дегенді естімеген сияқты», – деп жазды әйел.
Оның сөзінше, күткеніндей демалыс базасы Бурабайдың өзінде емес, одан шамамен 20 шақырым жерде орналасқан. Сондықтан көлге демалушылар көлікпен қатынауға мәжбүр болған.
Сонымен қатар жарияланым авторы асхананың жұмысына қатысты ешқандай шағымы жоқ екенін айтып, тағамдардың дәмді болғанын жеткізді.
Әйел бассейннің жағдайына да наразылық білдірді. Оның айтуынша, демалыстан кейін компаниядағы 13 адамның 10-ы ауырып қалған. Жазба авторы өзін жайсыз сезінгендердің барлығы бассейнге түскендер екенін айтты.
«Демалысымыздың қорытындысы – 13 адамның 10-ы қатты құсып, іші өтіп, жоғары температурамен ауырып қалды. Ең қызығы – бассейнге түскендердің бәрі ауырды. Ал оған түспегендер дін аман», – делінген жарияланымда.
Жазба авторы бассейндегі судың сапасын тексеруді сұрады.
Сондай-ақ ол блогерлерді демалыс орындарын жарнамалауға жауапкершілікпен қарауға шақырды.
«Ұсынатын орындарыңыз үшін жауапкершілік алыңыздаршы. Адамдар қыруар ақша төлеп, балаларын ертіп келеді. Ал демалудың орнына іш өту, құсу мен қызуға тап болады», – деді ол.
Материал жарияланған сәтте Furor Hotel демалыс базасының әкімшілігі де, блогер Станислав Савченко да бұл мәлімдемеге жария түрде пікір білдірмеген.