Түркияда қаза тапқан Әдия Алмабектің денесі елге жеткізілді: СІМ мәлімдеме жасады

Автор: Темірхан Айжан

Ол небары 18 жаста еді 

Фотоколлаж: Azattyq ruhy/Әбілқасым Есентаев

Антальяда жол апатынан көз жұмған Қазақстан азаматы Әдия Алмабектің денесі елге жеткізілді. Сыртқы істер министрлігі марқұмның жақындарына көңіл айтып, оқиғаның мән-жайын бақылауға алғанын хабарлады, деп жазады Azattyq Rýhy.

«Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі 2026 жылғы 15 маусымда Антальяда болған жол-көлік оқиғасы салдарынан қаза тапқан Қазақстан азаматы Әдия Алмабектің туған-туыстары мен жақындарына қайғырып көңіл айтады», - делінген хабарламада.

Қайғылы жағдайдан кейін Антальядағы ҚР Бас консулдығы бірден іске кіріскен. Дипломаттар құжаттарды рәсімдеу, түрік билігімен байланыс орнату және мәйітті елге қайтару бойынша барлық қажетті консулдық-құқықтық көмекті көрсетті.

Ресми ақпаратқа сүйенсек, бойжеткеннің денесі 17 маусымда Қазақстанға жеткізілген. Репатриация процесі толығымен тегін ұйымдастырылды. Бұл іске марқұмның жұмыс берушісі мен серіктес ұйымдар үлкен қолдау көрсеткен.

Бойжеткеннің өліміне әкеп соққан жол апатының анық-қанығы әлі де зерттеліп жатыр.

«Қазақстан азаматының қаза болу себептері мен барлық мән-жайы Қазақстан Республикасының Бас консулдығының жіті бақылауында. Еліміздің дипломаттары бұл мәселе бойынша Түркияның құзырлы органдарымен тығыз іс-қимылды жалғастыруда», - деп толықтырды ведомстводан.

Айта кетейік, қазақстандық марқұм Түркияда өндірістік тәжірибеден өтіп, қонақүйлердің бірінде жұмыс істеген.