Павлодар облысында теміржолшы өндірісте ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалды: ол кәсіпорынды сотқа берді

Автор: Темірхан Айжан

Жұмыс берушінің кінәсі жүз пайыз екені дәлелденді

Фото: Freepik

Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты Еңбек инспекциясының шешімін заңсыз деп танып, жазатайым оқиғаға жұмыс берушіні толықтай кінәлі деп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Теміржолшы өндірісте ауыр жарақат алып, мүгедек болып қалған. Ол жұмыс істеп жатқан кезде көзіне кенеттен металл сынығы ұшып тиген. Осының салдарынан жұмысшы ауыр өндірістік жарақат алып, кейін дәрігерлер оған ІІІ топтағы мүгедектікті белгілеген.

Оқиғадан кейін Мемлекеттік еңбек инспекциясы арнайы тергеп-тексеру жүргізіп, кінәнің 70%-ын жұмыс берушіге, 30%-ын жұмыскердің өзіне жүктейді. Инспекцияның уәжі бойынша, жұмысшының өзі де «өрескел абайсыздыққа» жол берген. Шешіммен келіспеген жұмыскер сотқа жүгінеді.

Істі мұқият зерттеген сот талқылауы барысында еңбек қауіпсіздігіне жауапты тараптың өрескел қателіктері бірінен соң бірі ашыла бастады.

Жұмыс беруші жұмыскерге ең қарапайым қорғаныш көзілдірігін бергенін дәлелдей алмады. Бұны растайтын ешқандай құжат та, айғақ та табылмаған. Жұмысшының еңбек қауіпсіздігі ережелерімен және тиісті бұйрықтармен танысқаны туралы заңды күші бар ешқандай қол қойылған құжат ұсынылмады. Кәсіпорында жұмыс барысын, қауіпсіздік техникасын сақтауды және жұмыскерлердің арасындағы міндеттерді қадағалайтын өндірістік бақылау тиісті деңгейде мүлдем ұйымдастырылмағаны анықталды.

Сот жұмыс беруші жұмысшыны тиісті қорғаныш құралдарымен қамтамасыз етпесе және ережелерді үйретпесе, жұмыскерді «абайсыздық танытты» деп кінәлауға ешқандай негіз жоқ екенін растады. Сот Еңбек инспекциясы жасаған актінің жұмысшыны кінәлі деп тапқан бөлігін толықтай заңсыз деп таныды. Павлодар облысы бойынша Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің департаментіне арнайы тергеп-тексеру актісін шұғыл өзгерту міндеттелді. Жұмыс берушінің кінәсі 100%, жұмыскердің кінәсі 0% болып қайта белгіленді.

Қазіргі уақытта сот шешімі заңды күшіне енді. Енді зардап шеккен теміржолшы өзіне тиесілі барлық әлеуметтік төлемдер мен материалдық өтемақыны толық көлемде ала алады.