Ол өрт сөндірілгеннен кейін уақытша тұрғын үй ішінен табылды. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам мас болған
Алматының Наурызбай ауданында болған өрт салдарынан ер адам ауыр күйік алып, ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қалалық Полиция департаментінің мәліметінше, «Достық» шағынауданында аумағы шамамен 100 шаршы метр болатын уақытша тұрғын үй өртенген.
Өрт сөндірушілер оқиға орнына жедел жетіп, жалынды оқшаулап, кейін толық сөндірген. Соның арқасында өрттің көршілес ғимараттарға таралуына жол берілмеген.
«Полиция қызметкерлері оқиға орнын қоршауға алып, жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын қауіпсіз жерге көшірді», – деп мәлімдеді Алматы қалалық Полиция департаменті.
Өрт толық сөндірілгеннен кейін ғимарат ішінен ер адам табылды. Ол денесінің көп бөлігін күйік шалып, ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілді.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға кезінде зардап шегуші мас күйде болған.
Өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін өрт-техникалық сараптама тағайындалды.