Маңғыстау облысында нөсерден кейін 85 ауланы су басты

Автор: Алмас Ерсін

Құтқарушылар мен жергілікті қызметтер су басқан аумақтарда салдарды жою жұмыстарын жүргізіп жатыр

Фото: Маңғыстау облысы Бейнеу ауылы әкімдігі

Маңғыстау облысының Бейнеу ауылында нөсер жауыннан кейінгі су басу салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Әкімдіктің мәліметінше, барлық жауапты қызмет күшейтілген жұмыс режиміне көшірілген.

Жауын суы 85 тұрғын үйдің ауласына жиналған. Арнайы техниканың көмегімен осы уақытқа дейін 7 мың текше метрден астам су сорылып шығарылды.

«Қазіргі уақытта суды сору және аумақты қалпына келтіру жұмыстарына 25 арнайы техника мен 37 қызметкер жұмылдырылған. Жұмыстар тәулік бойы үздіксіз жүргізіліп жатыр», – делінген хабарламада.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жедел әрекет ету үшін 8 705 820 12 91 нөмірі бойынша арнайы жедел желі жұмыс істеп тұр.

Бұған дейін Алматы облысында арнасынан асқан Түрген өзеніне байланысты тұрғындардың эвакуацияланып жатқаны хабарланған болатын.