Air Astana ұшағы Астанаға қона алмай, Алматыға кері оралды

Автор: Алмас Ерсін

Ұшақ қолайсыз ауа райына байланысты Астана мен Қарағандыға қонбай, Алматы әуежайына қайта оралды

Фото: © istockphoto.com

Алматыдан Астанаға бағыт алған Air Astana әуе компаниясының ұшағы қолайсыз ауа райына байланысты елорда әуежайына қона алмай, ұшып шыққан әуежайға қайта оралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.   

KC 641 рейсімен Алматыдан Астанаға ұшқан ұшақ әуелі елорда әуежайына қонуға әрекет жасаған. Кейін экипаж Қарағанды әуежайына қону мүмкіндігін де қарастырған.

Air Astana әуе компаниясының баспасөз қызметінің мәліметінше, экипаж ауа райы жағдайын бағалағаннан кейін қонбау туралы шешім қабылдаған.

«Астана мен Қарағандыдағы қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты экипаж қону әрекетінен бас тартып, Алматыға қайта оралу туралы шешім қабылдады», – деп мәлімдеді компания.

Алматыға оралғаннан кейін ұшақ Астанаға қайта ұшыру үшін дайындала бастаған.