Сайрамда полиция үш тойдың үстінен түсті

Автор: Azattyq Rýhy

Ауданда крантин кезінде үш той тоқтатылды

Сайрамдық полицейлер карантин кезінде қонақтар шақырып, той өткізіп жатқан тұрғындарды анықтап, жиынды тоқтатты, деп хабарлайды Polisia.kz.

Түркістан облысының полицейлері карантин талаптарының сақталып, оның орындалуы барысында қарқынды жұмыс жүргізуде. Осындай кезекті жұмыс күнінде Сайрам АПБ-не Манкент ауылындағы тұрғынның бірі өз үйіне 50-ден астам азаматты жинап, келін түсіру тойын өткізіп жатқаны туралы хабарлама келіп түсті. Ақпарат алысымен аталмыш мекенжайға аудандық полицейлер мен әкімдік қызметкерлерінен құрылған мобильдік топ тез арада жетіп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, полицейлер адам көп жиналған тойды тоқтатты.

«Карантин талаптарын сақтамай, өрескел құқық бұзғаны үшін той иесіне ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабына сәйкес, «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарының, сондай-ақ гигиеналық нормативтердің бұзылуы» туралы хаттама толтырылды. Жинақталған ақпараттар шешім қабылдау үшін тиісті органға жіберілді», - делінген хабарламада.

Ауданда осыған ұқсас тағы екі жайт тіркелді.

«Оның бірінде жергілікті тұрғын өз үйіне 20-дан астам адам жинап, келін түсірген. Ал келесі тұрғын 15-тен астам адам жинап, қыз ұзату тойын өткізген. Бұл екі жайтта да мобильдік топ шұғыл жетіп, адамдардың көптеп шоғырлануына жол бермей, той-жиындарды тоқтатқан. Жинақталған іс-құжаттары тиісті шешім қабылдау үшін ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Түркістан облысы бойынша Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетіне жіберілді», - делінген хабарламада.

Жалпы, аудан көлемінде жұмыс жасап жатқан мобильдік топтар карантин талаптарын бұзудың 80 жайтын анықтап, оларға хаттама толтырған.