Астаналық ата-ана жарияланған жазба қоғамда алаңдаушылық тудырды
Әлеуметтік желіде жарияланған бір жазба көпшіліктің назарын аударды. Онда астаналық ана баласының балмұздақ жегеннен кейін ауыр хәлде жансақтау бөліміне түскенін айтып, басқа ата-аналардан осындай жағдай болған-болмағанын сұраған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Автордың сөзінше, оқиға Астанадағы сауда орталықтарының бірінде сатып алынған Bambino балмұздағынан кейін болған болуы мүмкін. Дегенмен ол нақты қорытынды жасауға әлі ерте екенін де жазған.
«СЭС қорытындысын күтіп отырмыз. Әзірге нақты осы балмұздақтан болды деп айта алмаймын», – дейді уланған баланың анасы.
Бұл жазба қоғамда түрлі пікір туғызғандықтан, редакция ресми органдар мен компанияға ресми сауал жолдады.
Bambino компаниясы қазіргі таңда өнімнің нақты партиясына қатысты бірнеше деңгейлі тексеру жүріп жатқанын мәлімдеді.
Компанияның мәліметінше, зертханалық сынамалар әрі өздерінің ішкі зертханасында, әрі тәуелсіз санитариялық зертханада зерттелуде. Қазіргі уақытқа дейін алынған алдын ала нәтижелерде қандай да бір ауытқу анықталмаған.
«Біз бұл жағдайдан хабардармыз және өтініш түскен алғашқы күннен бастап отбасымен үздіксіз байланыстамыз. Диалог толықтай ашық форматта жүргізіліп жатыр: өндіріс процесі, технологиясы және қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан тексерулер туралы барлық қажетті ақпаратты ұсындық. Мәселенің мәніне келсек, қазіргі уақытта өнімнің осы партиясына қатар екі бағытта зертханалық тексеру жүргізіліп жатыр: бірі – біздің ішкі зертханамызда, екіншісі – тәуелсіз санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарапынан. Алдын ала алынған нәтижелер бойынша ешқандай ауытқу анықталған жоқ. Жақын уақытта соңғы қорытындыны күтіп отырмыз. Отбасымен арадағы хат-хабардың мазмұны мен медициналық мәліметтерге қатысты ақпаратты тараптардың келісімінсіз жариялай алмаймыз. Бұл – жауап беруден жалтару емес, дәрігерлік құпияны және қолданыстағы заң талаптарын сақтау. Барлық тексеру аяқталып, ресми құжаттардың толық пакеті қолымызға тигеннен кейін кеңейтілген ресми мәлімдеме жасап, оны сіздерге бірінші кезекте ұсынуға дайынбыз», - деп жауап берді компания өкілдері.
Ал Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті әзірге бұл оқиға бойынша тек бір ғана өтініш тіркелгенін растады.
Департамент басшысының орынбасары Мұхамғали Арыспаевтың айтуынша, өтініш «е-Өтініш» жүйесі арқылы қабылданған және заңнамаға сәйкес қаралып жатыр.
«Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне "е-Өтініш" ақпараттық жүйесі арқылы балмұздақ жегеннен кейін болуы мүмкін тағамнан улану фактісі бойынша бір өтініш келіп түсті. Аталған өтініш қарауға қабылданып, департаменттің бақылауына алынды. Қарау Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта Bambino балмұздағына қатысты тағамнан улану немесе жіті ішек инфекциясы фактілері бойынша медициналық ұйымдардан өзге өтініштер немесе шұғыл хабарламалар Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне келіп түскен жоқ», - деді ведомство өкілі.