Алматыда такси жүргузішісі туристерден 71 мың теңге жолақысын сұраған

Автор: Темірхан Айжан

Олар полицияға жүгінді 

Фото: polisia.kz

Алматыда такси жүргізушісі шетелдік қонақтарды алдап, жолақысына 150 доллар сұраған. Туристер полицияға жүгінді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үндістаннан келген екі турист Алматы халықаралық әуежайынан қалаға жету үшін таксиге отырған. Діттеген жеріне жеткен кезде жүргізуші олардан жол ақысысына 150 доллар талап еткен. Мұндай ақының тым жоғары екенін түсінген шетелдік азаматтар бірден Бостандық аудандық полициясына шағым түсірген.

Полиция қызметкерлері жедел әрекет етіп, қымбат төлем алған такси жүргізушісінің жеке басын тез арада анықтады. Тексеру нәтижесінде шетелдік туристердің қаражаты өздеріне толық көлемде қайтарылды.

Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша жүргізушіге қатысты әкімшілік материалдар жинақталып жатыр. Алдағы уақытта тиісті заңды шешім шығару үшін іс мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотына жолданатын болады.

Алматы қаласының полиция департаменті жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын тұлғаларға қала тұрғындарын, қонақтарды немесе шетелдік туристерді алдау арқылы заңсыз пайда табуға бағытталған кез келген әрекет заң аясында қатаң жазаланатынын еске салды.