Алматыда көрші тұрған екі кафе түнде жұмыс істеген

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл мейрамханаларда 100-ге жуық адам көңіл көтеріп жатқан

Фото: баспасөз қызметінен

Алматыда жапсарлас орналасқан екі дәмхана түн жарымында қонақ қабылдап, қызмет көрсеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық полиция департаментіне сілтеме жасап.

Түнгі рейд кезінде «Веселидзе» кафесінде - 30 қонақ, ал қабырғаның ар жағындағы «Баку бульвары» дәмханасында 60 адам көңіл көтеріп жатқаны анықталған. 

«Мейрамхана иелеріне қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің «Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық амандығы саласындағы заңнама талаптарын және гигиеналық нормативтерді бұзу» бабы бойынша хаттама толтырылды. Жиналған әкімшілік материалдар шешім қабылдау үшін Алмалы ауданының тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасына жолданады», - деп жазылған хабарламада.