Найзағайдан кейін Қазақстанның төрт өңірінде орман өрті шықты

Автор: Алмас Ерсін

Құрғақ найзағай салдарынан бірнеше аумақта өрт тұтанып, тілсіз жауды сөндіруге арнайы күштер жұмылдырылды

видеодан скриншот

28 маусым күні Қазақстанның мемлекеттік орман қоры аумағында бес орман өрті тіркелді. Барлық өрт ошақтары дер кезінде анықталып, жедел түрде оқшауланып, толық сөндірілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, бір орман өрті Ақмола облысында, тағы бірі Алматы облысында болған. Сонымен қатар екі өрт «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватының аумағында тіркелсе, тағы бір өрт «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында шыққан.

Министрлік өрт ошақтарының барлығы орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің көмегімен дер кезінде анықталғанын мәлімдеді. Орман күзетінің қызметкерлері мен «Қазавиаорманқорғау» РМК мамандары өртті жедел оқшаулап, оның кең аумаққа таралуына жол бермеген.

Мамандардың айтуынша, орман өрттерінің басым бөлігіне найзағайдың түсуі себеп болған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі өрт қаупі жоғары кезеңде азаматтарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға және орманға ұқыпты қарауға шақырды.