Маңғыстауда ауыл үстінен өткен алып шаңды құйын видеоға түсіп қалды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Таушық ауылында байқалған ерекше табиғи құбылыс әлеуметтік желіде қызу талқыланып жатыр

lada.kz видеосынан скриншот

Маңғыстау облысының тұрғындары ерекше табиғи құбылысты видеоға түсіріп алды. Түпқараған ауданының Таушық ауылында шаңды құйын көтерілгені туралы кадрлар әлеуметтік желілерде тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Lada.kz сайтына сілтеме жасап.

Ерекше табиғи құбылыс түсірілген бейне 27 маусым күні әлеуметтік желілерде жарияланды. Кадрлардан ауыл көшелерімен биік шаң бағанының жылжып бара жатқанын көруге болады. Сырт көзге ол нағыз құйынға ұқсайды. Бейнежазбаның нақты қашан түсірілгені нақтыланбаған.

Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, осы оқиғаға байланысты «112» бірыңғай кезекшілік қызметіне ешқандай хабарлама түспеген. Алдын ала дерек бойынша зардап шеккендер мен қираулар тіркелмеген.

Мамандардың түсіндіруінше, мұндай шаңды құйындар, яғни халық арасында «шаңды дию» деп те аталатын құбылыстар, көбіне аптап ыстық әрі құрғақ ауа райында пайда болады. Жер бетінің қатты қызуынан жергілікті ауа ағындары қалыптасып, олар құм мен шаңды жоғары көтереді.

Метеорологтардың айтуынша, мұндай құйындар әдетте шағын аумақта ғана байқалады және жойқын күшке ие болмағандықтан, көп жағдайда адамдарға немесе инфрақұрылымға айтарлықтай қауіп төндірмейді.