Бұған дейін оның мас болғаны туралы қауесет тараған болатын
Осыдан бірнеше күн бұрын Сәтпаев қаласында педофилге жаза талап етіп жиналған халық полиция ғимаратын және автокөліктерді бүлдірген болатын. Осы оқиға болған кезде Жезқазған қалалық Полиция басқармасының басшысы Амангелді Құрмановты бірнеше адам соққыға жыққан.
Бұл ақпаратты полиция полковнигі Құрманов Tengrinews.kz порталына берген сұхбатында растады.
Оқиға орнынан түсірілген видеороликтер әлеуметтік желілер арқылы тез тарап кетті. Сол видеоматериалдардың бірінде Амангелді Құрмановты белгісіз біреулердің ұрып жатқаны көрінеді. Кейін шенді полицей топтан қашып құтылған.
«Мен – Жезқазған қалалық полициясының басшысы, полиция полковнигі Құрманов аталған видеодағы адамның мен екенін растаймын. Сол күні 5 жасар қыз туралы ақпаратты естіп, мен жеке құрамды шұғыл жасақтадым да, Сәтпаев қаласына шығып кеттім. Шамамен түнгі он екі жарымда оқиға орнына келіп, өте көп адамның жиналғанын көрдім. Олар педофилді беруді талап етті және үйдің ішіне кіруге ұмтылды.
Біз подъезді бекітіп, алдыңғы шепте тұрдық. Сол кезде топ ішінен біреу полицейлерді біртіндеп алып кету керектігін айтты. Олар менің жанымда тұрған қызметкерді күштеп топ ішіне алып кетті. Мен оның қолынан ұстап, топ ішіне кіріп кеттім. Полиция қызметкерінің жазығғы жоқ екенін, оны жіберулерін талап еттім. Олардың көзін жеткізіп, қызметкерді топ ішінен аман алып шықтым. Сол кезде топ ішіндегілердің бірі мені танып, айқайлай бастады. Олар педофилді беруді менен талап етті, жазасын өзіміз береміз деді», - деді Құрманов.
Ол қылмыскер жазасын тек сот беретінін айтып, халықты сабырға шақырған. Алайда, бұл ісінен нәтиже шықпапты.
«Мұның бәрі шамамен 30-40 минутқа жалғасты. Осы уақыт аралығында мені топ ішіндегілер басымнан, денемнен бірнеше рет ұрды. Салдарынан бас-ми жарақатын алдым. Құлағым қанап, сол иығым, кеуде тұсым және белімнен жарақат алдым. Халықтың сөзге тоқтамайтынын түсінгеннен мен де ашуға міндім. Бұл күні мен ешқандай да алкогольді ішімдік ішкен жоқпын», - деп сөзін түйді полиция басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған видеода полиция басшысы Құрмановты оқиға болған жерге мас күйде келгені айтылған.
Сәтпаевтағы тәртіпсіздік 23 шілде түнгі уақытта болған еді. Алдымен жоғалып кеткен 5 жасар қызды бүкіл қала болып іздеген. Кейін кішкентай қыз қаладағы пәтерлердің бірінен табылды. Оның жанында ересек ер адам болған. Күдіктінің үстінен «адам ұрлау» және «кішкентай баланы зорлау» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Ал, қала тұрғындары болса полицейлерден күдікті ер адамды беруді талап етіп, тәртіпсіздік жасады. Салдарынан үш автокөлік өртеніп, бірнешеуіне зақым келген.