Іздеу-құтқару жұмыстары бірнеше күннен бері жалғасып жатыр. Оған төтенше жағдайлар қызметінің күштері мен арнайы техника тартылған
Маңғыстау облысында Каспий теңізінің шомылуға арналмаған аумағында суға кеткен жас жігітті іздеу жұмыстары бірнеше тәуліктен бері жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-арнасына сілтеме жасап.
Іздеу жұмыстары төртінші тәулікке ұласқан. Құтқарушылар теңіздегі қатты толқын мен қолайсыз ауа райына қарамастан іздеуді тоқтатқан жоқ. Мамандар теңіз айдыны мен жағалау сызығын жіті тексеріп жатыр. Жұмысты теңіз ағысы, су астындағы көріну деңгейінің төмендігі және тексерілуі тиіс аумақтың кеңдігі қиындатып отыр.
Іздеу-құтқару операциясына 40-тан астам маман жұмылдырылған. Жұмыс барысында жүзу құралдары, арнайы техника, ұшқышсыз ұшу аппараттары, Төтенше жағдайлар министрлігінің авиациясы және сүңгуірлердің арнайы жабдықтары пайдаланылып жатыр.
Сонымен қатар іздеуге Маңғыстау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің, Ішкі істер министрлігі Ұлттық ұланының, Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің, Әскери-теңіз күштерінің, Полиция департаментінің қызметкерлері және «YKK Kazakhstan LLP» ЖШС мамандары да тартылған.
«Іздеу жұмыстары су бетінде, әуеден және жағалау бойында қатар жүргізіліп жатыр. Сүңгуірлер оқиға болған аумақта теңіз түбі мен жағалауға жақын су айдынын кезең-кезеңімен тексеруде», – деп хабарлады Төтенше жағдайлар министрлігі.
Ведомство іздестіру-құтқару операциясы әлі де жалғасып жатқанын мәлімдеді.
«Өңір тұрғындары мен қонақтарын судағы қауіпсіздік талаптарын сақтауға және тек арнайы жабдықталған орындарда ғана шомылуға шақырамыз», – деді министрлік.
Сондай-ақ Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне ғана сенуге үндеді.