Алматы облысында қыз алып қашқан 5 жігіт ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Үйленбек болған жігіт пен оның достары ұзақ жылға сотталуы мүмкін

Алматы облысының полицейлері адам ұрлады деген күдікпен 5 ер азаматты ұстады. Бұл туралы «Не молчи» қозғалысының өкілдері әлеуметтік желіде мәлімдеді.

Әлеуметтік желіде жарияланған аудиоматериалда оқиғаға куә болған адамның дауысы жазылған. Ол жол бойында тұрған қызды бірнеше жігіт сұр түсті Audi автокөлігіне күштеп отырғызып әкеткенін айтады.

Куәгер дереу полицияға хабар берген. Шұғыл іздеу жұмыстарының нәтижесінде тәртіп сақшылары күдіктілерді ұстады. Жігіттер көздеген жеріне жете алмай, Еңбекшіқазақ ауданындағы Шелек ауылына кіреберісте тоқтатылды. Көлікте жәбірленген қыздан бөлек 5 жігіт болған.

Ұсталғандардың бірі қызды үйлену мақсатында алып қашпақ болғанын айтты. Алайда, 28 жастағы бойжеткен бұған келісімін бермей, күдіктілердің үстінен арыз жазды. Қазір адам ұрлау бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.