«Аман-есенмін»: алаяқтар танымал нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевты қайтыс болды деп ақпарат таратқан

Автор: Темірхан Айжан

Жақын-жуығы шошып, дәрігерді жан-жақтан іздеген

Фото: скрин/@mynzhyl

Белгілі қазақстандық нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаев әлеуметтік желілерде өзінің «қайтыс болғаны» туралы шыққан ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жалған ақпаратты дәрігердің атынан дәрі-дәрмек жарнамалағысы келген алаяқтар таратқан екен. Желіде белгісіз біреулер телеарна жаңалықтарының үзінділерін монтаждап, журналистер дәрігердің қазасын хабарлап жатқандай фейк видеолар жиынтығын әзірлеген. Хабарламаны көрген нейрохирургтің жақын-жуықтары мен әріптестері уайымдап, хабарласқан.

«TikTok-тан көргеннің бәріне сене бермеңіздер. Мен аманмын. Қазір операцияға кіремін, алдымда екі науқас жатыр. Соларды отаға дайындап жатырмыз. Аман-есенмін, алаяқтарға сенбеңіздер», - деді нейрохирург өзінің видеоүндеуінде.

Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, оның атын жамылған алаяқтар желіде «ағзаны тазартатын ғажайып дәріні» жарнамалап, саудалап жүр. Дәрігер ешқандай препарат жасап шығармайтынын да, сатпайтынын ескерткен. Алайда жалған ақпаратқа тіпті медицина қызметкерлерінің өзі алданып қалған.

Мыңжылқы Бердіқожаев отандастарын және көршілес мемлекеттердің тұрғындарын күмәнді жарнамаларға сенбеуге, денсаулық мәселесі туындаса тек ресми мамандарға жүгінуге шақырды.

«Егер шынымен емделгіңіз келсе, интернеттегі жарнамаға емес, инфекционист-паразитолог, аллерголог, эндокринолог, андролог-уролог немесе сексолог мамандарына қаралыңыздар. Қазақстандағы барлық ресми дәрі-дәрмектердің айналымын Денсаулық сақтау министрлігі реттейді. Кез келген өнімді сатып алмас бұрын оның тіркелгенін Google немесе министрлік базасы арқылы тексеру қажет. Барлық мәселеңізді 70 мың теңгеге шешіп беретін ғажайып дәрі жоқ. Өздеріңізді күтіңіздер», - деп жазды Мыңжылқы Бердіқожаев.