Сәтпаевтағы оқиға: қыздың ата-анасы үндеу жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Олар халықтан қыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратпауды сұрады

Фото: ашық дереккөзден

Сәтпаев қаласында ұрланған 5 жасар қыздың ата-анасы Жезқазған мен Сәтпаев қалаларының тұрғындарына үндеу жасады. Үндеу мәтінін бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саин Instagram парақшасында жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

«Бірінші кезекте біз – Сүлеймен отбасы, атап айтқанда ата-анасы Өтеубай-Манара өз атымыздан қаланың жұртшылығы мен еріктілерге қызымызды іздестіруге атсалысып, үлес қосқандары үшін алғыс білдіреміз! Айсезімнің табылуына сіздердің септіктеріңіз тиді. Айсезімге және оның отбасына білдіріп жатқан жылы лебіздеріңіз бен қолдауларыңызға рахмет айтамыз. Қазіргі күні қызымыздың жағдайы мамандар тарапынан жақсы деп бағалануда. Бізбен психологтар мен арнайы дәрігерлер күнделікті байланыста отыр», - деп жазылған үндеуде.

Қыздың ата-анасының айтуынша, олар ҚР бала құқығы жөніндегі уәкіл Аружан Саинмен тығыз байланыста және ол өз тарапынан қажетті мамандар мен реабилитациялық емханаларды табуға, сондай-ақ адвокат пен құқықтық қорғауды ұйымдастыруға көмегін тигізіп жатыр. 

«Ерекше алғысымызды «Қазақмыс Корпорациясы» ЖШС-іне білдіреміз. Компания басшылығы Айсезімді реабилитациядан өткізуге жұмсалатын шығындардың бәрін өтеуге шешім қабылдады. Сондықтан қаржылай көмекке мұқтаждығымыз жоқ. Біздің отбасының қаржылай көмекке мұқтаждығы жоқ, барлық психологиялық және қаржылай шығынды «Қазақмыс» өтеуге уәде берді. Тағы бір айтарымыз: қызымыздың суретін әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде таратуды, оқиғаға қатысты түрлі пікірлер мен жалған ақпараттарды таратуды доғаруларыңызды сұраймыз. Біз болған оқиғаны тезірек ұмытқымыз келеді. Үлкен өтініш: қаржылай қор ұйымдастыруды, түрлі жиын өткізуді тоқтатыңыздаршы! Біздің басымызға түскен қайғы басқа келеңсіз оқиғалардың себебі болуын қаламаймыз. Мұның бәрі біздің отбасы үшін ауыр соққы әрі сол қайғылы күнді ойымызға сала береді. Түсіністік танытуларыңызды сұраймыз. Барлықтарыңызға алғысымызды білдіреміз!», - дейді олар.