Адам басындай ісікпен 10 жыл өмір сүрген: Алматыда дәрігерлер әжейді құтқарып қалды

Автор: Темірхан Айжан

Дәрігерлер бас және мойын аймағында пайда болған ісікті елемей қоюға болмайтынын айтты 

Фото: amkb.kz

Алматы көпсалалы клиникалық ауруханасының хирургтері жағының астына адам басындай ісік шыққан әжейге операция жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Науқас 10 жылдан астам уақыт бойы ауырған. Ол ауруханаға мойын тұсындағы ірі ісікке, ауырсынуға, тыныс алудың қиындауына және ұйқының бұзылуына шағымданып жүгінген. Оның жағдайын жан-жақты тексеріп, профессор Марат Ысқақовпен кеңескеннен кейін, дәрігерлер шұғыл түрде ота жасау туралы шешім қабылдады. Хирургтер тобы күрделі ісікті жақасты сілекей безімен бірге тұтас алып тастады. 

«Жағдайдың өте күрделі болғанына қарамастан, ота ешқандай асқынусыз өтті. Ең бастысы, науқастың өмірлік маңызды құрылымдары мен жүйке талшықтарына ешқандай зақым келген жоқ», - дейді мамандар.

Қазіргі уақытта пациенттің жағдайы едәуір жақсарған. Оның тыныс алуы толық қалпына келіп, мазасыздықтан арылды. Айта кетерлігі, бұл күрделі әрі жоғары технологиялық медициналық көмек науқасқа Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі аясында мүлдем тегін көрсетілді.

Ақ халаттылардың айтуынша, денсаулыққа қатысты мұндай белгілерді ұзақ уақыт бойы елемей жүру өмірге қауіпті ауыр асқынуларға әкеп соғуы мүмкін. Сол себепті, бас және мойын аймағында кез келген белгісіз көлемді түзіліс немесе ісіну пайда болған жағдайда, уақыт созбай дәрігерге дер кезінде қаралу қажет.