Алайда жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды
Көкшетауда жалғызбасты ананы көлігімен қағып, өліміне себеп болған әйелге үкім шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Көкшетау қалалық соты абайсызда адам өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша қылмыстық істі қарады. Сот залына айыпталушы екі баланың анасы келді.
Сот анықтағандай, қайғылы оқиға 2026 жылдың мамыр айында болған. Азаматша С. жүргізуші куәлігінің жоқтығына қарамастан, рөлге отырған. Ол тұрғын үй ауласына бұрылған кезде жаяу жүргіншіні қағып кеткен. Ауыр жарақат алған жәбірленуші ауруханада көз жұмды.
Сотталушы күйеуінің денсаулығы күрт нашарлаған соң, оның рұқсатымен ғана көлікке отырғанын айтып ақталды. Айта кетейік, көлік тізгінін басқаруға құқығы жоқ адамға бергені үшін оның күйеуіне қатысты қылмыстық іс жеке өндіріске бөлінген.
Сот жаза тағайындау кезінде әйелдің өз кінәсін толық мойындап, өкінуін, асырауында кәмелетке толмаған балаларының барын және зардап шеккен тарапқа моральдық шығынды өз еркімен өтегенін ескерді. Жәбірленуші тарап та сотталушыға ешқандай талабы жоқтығын айтып, оны түрмеге жаппауды сұраған.
Алайда, аталған бап бойынша заңда бас бостандығынан айырудан басқа балама жаза көзделмеген. Сондай-ақ сот айыпталушының құқығы болмаса да, жоғары қауіптілік көзі саналатын көлікті тізгіндеп, ережені өрескел бұзғанын негізге алды.
Сот үкімімен азаматша С. 2 жыл 6 айға бас бостандығынан айырылды. Дегенмен, ҚР ҚК-нің 74-бабы 1-бөлігіне сәйкес, сотталған әйелдің тәрбиесінде екі жас баласының болуына байланысты жазаны өтеу мерзімі 3 жылға кейінге қалдырылды.
Сот актісі заңды күшіне енген жоқ.