Жәбірленуші сотта жеңіп шықты
Жамбыл облысының тұрғыны «жиһаз жасап беремін» деп алдап кеткен шеберден ақшасын өндіріп алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Байзақ аудандық сотының материалдарына сүйенсек, жәбірленуші мен шебердің арасында жалпы құны 1,7 миллион теңге болатын келісімшарт жасалған. Тапсырыс бойынша шебер ас үй гарнитурасы мен кіреберіске арналған жиһазды дайындап, орнатып беруі тиіс болған. Клиенті келісілген соманың бір бөлігін банктік аударым арқылы, ал қалғанын қолма-қол ақшалай алдын ала төлем ретінде берген.
Алайда шебер міндетін орындамай, жиһазды белгіленген мерзімде өткізбеген. Сонымен қатар, тапсырыс берушінің талаптарына қарамастан, алған ақшасын қайтарудан бас тартқан.
Сот талқылауы кезінде судья тараптардың уәждерін тыңдап, ақшаның берілгенін растайтын құжаттар мен чектерді жан-жақты зерттеді. Сот тұрғынның шағымын толық қанағаттандырды. Сот шешімімен жауапкерден талап қоюшының пайдасына алдын ала төленген ақшалай қаражат, мемлекеттік баж салығы және адвокат қызметіне жұмсалған барлық шығын толық көлемде өндірілді.
Соттың шешімі ресми түрде заңды күшіне енді.