Полицей өзге жол апатына асығып кетіп бара жатқан
Қостанай – Рудный тас жолында полицияның қызметтік көлігі ВАЗ-2115 автокөлігіне соқтығысты деп хабарлайды облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі. Салдарынан екінші көлікте болған 4 жасар сәби қайтыс болған.
Оқиға 25 шілде күні сағат 16:00 шамасында болған. Патрульдік автокөлік өзге жол апатына асығып бара жатқан екен.
«Оқиға орнына жеткен шұғыл-тергеу тобы қызметтік көліктің өзге жол апатына асығып бара жатқанын анықтады. Аталған жол көлік оқиғасы дәл сол трассаның 17-ші шақырымында болған. Ол оқиғада ВАЗ-2115 автокөлігінің 26 жастағы жүргізушісі тізгінге ие бола алмай, жол шетіне шығып кеткен. Салдарынан жүргізуші мен 23 жастағы жолаушы көз жұмған», - деді Қостанай облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Қазіргі таңда 4 жасар баланың өлімімен аяқталған жол апатына қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.