Атырауда белгісіз біреулер мысықты сәлемдеме терминалына қамап кеткен

Автор: Алмас Ерсін

Жануарды кездейсоқ байқап қалған тұрғындар оны құтқару үшін жауапты қызмет өкілдері хабарласқан

Фото: © istockphoto.com

Атырауда бейжай қарамаған тұрғындар белгісіз біреулер поштоматқа қамап кеткен мысықты құтқарып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Pricom.kz порталының жазуынша, құтқару оқиғасы туралы «Довіра» украин этномәдени бірлестігінің жетекшісі Виктория Синицына айтып берген.

Ол бес жылдан астам уақыттан бері жоғалған үй жануарларын іздеуге арналған «Я потерялся в Атырау» тобын жүргізіп келеді. Сондықтан поштоматтың темір жәшігінде қамалып қалған мысықты құтқаруға көмек сұрап, тұрғындар дәл соған жүгінген.

«Бұл мысықты жақсы танимын. Өзім жақын маңда тұрамын, ара-тұра тамақ беріп жүремін. Өте жуас, таза әрі ешкімге зияны жоқ жануар. Тұрғындар мәселені өз күштерімен шешуге тырысып, поштомат тиесілі банкке де хабарласқан. Бірақ жағдай өзгермеді», – дейді Виктория Синицына.

Қоғам белсендісінің айтуынша, кейін банк операторы ұяшықты ашу үшін қаржы ұйымы қолдан келгеннің бәрін жасап жатқанын жеткізген.

Сонымен қатар Виктория болған жайт туралы учаскелік полиция инспекторына да хабар берген. Оның айтуынша, жануарларға көмектесіп жүрген жылдары мұндай қатыгездікке алғаш рет тап болған.

«Арада небәрі 15 минут өткенде маған қайта хабарласып, мысықтың поштоматтан шығарылғанын айтты. Жақсысы, бұл оқиға аптап ыстықта болған жоқ. Егер шілде немесе тамыз айында орын алғанда, салдары әлдеқайда ауыр болуы мүмкін еді. Мысықтың ішінде қанша уақыт отырғаны әлі белгісіз. Бүгін оны қайта көрдім. Құйрықты жануар әдеттегі орнында жүр, аман-есен», – дейді Виктория Синицына.

Енді тұрғындар мен еріктілер жануарды поштоматқа қамап кеткен адамның кім екенін анықтап, оны заң аясында жауапқа тартуға ниетті.