Астанаға бет алған 17 тонна саңырауқұлақ тиелген жүк көлігі аударылып қалды

Астанаға бет алған 17 тонна саңырауқұлақ тиелген жүк көлігі аударылып қалды
Фото: Ақмола облыстық ПД

Ақмола облысында шамамен 17 тонна саңырауқұлақ тиеген жүк көлігі аударылып қалды,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy өңірлік полиция департаментіне сілтеме жасап.

Жол-көлік оқиғасы 18 маусымға қараған түні Астана – Атбасар – Жақсы тасжолының 327-шақырымында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Mercedes-Benz жүк көлігінің жүргізушісі көлікті басқара алмай қалып, салдарынан фура жол жиегіндегі кюветке түсіп, аударылған.

Оқиға орнына патрульдік полиция қызметкерлері жетті. Олар жүргізушінің медициналық көмекке мұқтаж еместігіне көз жеткізіп, апат болған аумақта жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз етті.

Жүргізушінің айтуынша, жүк Ресейден Қостанай арқылы Астанаға жеткізілген. Оның сөзінше, сапар барысында ол іс жүзінде демалмаған және рөлде отырып қалғып кеткен болуы мүмкін.

Апат кезінде кабинада жүргізушінің өзі ғана болған. Жүк көлігі қатты зақымданғанымен, ер адам зардап шеккен жоқ. Полицияның мәліметінше, ауыр салдардың алдын алуға қауіпсіздік белдігін таққаны себеп болған.

«Жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп мәлімдеді полиция.