Франциялық жиһанкез Каспий теңізінде серфингпен жүзіп, өңірдің ерекше табиғатына таңдай қақты (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Бұл туралы ол желідегі парақшасында жазды 

Фото: скриншот/ЖИ

Әлемді шарлап, серфингпен айналысып жүрген француз саяхатшысы Еруан Саймон Каспий теңізіне келіп, Қазақстанның табиғатынан алған әсерін жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Шетелдік жігіт Орталық Азияның шексіз даласында серфинг мәдениетін дамытуға болатынын дәлелдеп, Ақтау өңіріндегі экспедициясын ерекше саяхат деп атаған.

«Қазақстанды серфинг мәдениетімен байланыстыру алғашқыда таңсық көрінуі мүмкін. Дегенмен, іздей білетін адам үшін Каспийдің де өз толқындары бар. Бірақ қиырдағы бұл жасырын толқындарға жету оңай емес, жолы өте күрделі екен», - деп жазды француз саяхатшысы желідегі парақшасында.

Еруан Саймон өз жазбасында Маңғыстаудың ғажайып ландшафты мен жабайы жылқыларына, түйелеріне таңданысын жасырмаған. Сондай-ақ ол жергілікті жолбасшының көмегін ерекше атап өтті.

«Азамат есімді жанашыр азаматтың арқасында сапарымыз сәтті өтті. Ол маған жол көрсетіп қана қоймай, серфингке қолайлы тұстарды табуға көмектесті. Керемет кадрлар түсірді», - дейді саяхатшы.

Айта кетейік, француз саяхатшысы Каспий теңізіндегі экспедициясын алғаш рет 2022 жылы бастаған екен.