Оқиға салдарынан бірнеше адам зардап шекті, оқиғаның себептері анықталып жатыр
Шиелі – Түркістан аралығында Саратов – Алматы бағытындағы №8 жолаушылар пойызы вагонының рельстен шығу оқиғасы болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиға туралы ақпарат әлеуметтік желілерде тарады. Жағдайға қатысты «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметі түсініктеме беріп, қолға алынған шаралар туралы мәлімдеді.
«16 маусым күні сағат 12:49-да Шиелі – Түркістан аралығында Саратов – Алматы бағытындағы №7/8 жолаушылар пойызы жолда келе жатқан кезде техникалық себептерге байланысты бір вагонның доңғалақ жұптары рельстен шығып кетті. Жолаушыларға медициналық көмек ұсынылды, алайда олар одан бас тартты», – делінген ҚТЖ таратқан хабарламада.
Ұлттық компания өкілдерінің айтуынша, оқиғаның салдарын жою және қозғалысты қалпына келтіру үшін оқиға орнына жедел түрде қалпына келтіру пойызы жіберілген.
«Жолаушыларды тасымалдау үшін қосымша пойыз тағайындалды. Оларды отырғызу және жөнелту жұмыстары жедел ұйымдастырылды. Ұлттық тасымалдаушы келтірілген қолайсыздықтар үшін жолаушылардан кешірім сұрайды», – деп мәлімдеді компания.