Оқиға тұрғын үй кешендерінің бірінде болған. Абырой болғанда, дәл сол сәтте аулада жүрген бала зардап шеккен жоқ
Астанада көпқабатты тұрғын үйдің жоғары қабатынан велосипед құлап, балаға бірнеше қадам ғана жетпей түсті. Оқиға сәті бейнебақылау камераларына жазылып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқиғаның видеосын Instagram желісіндегі sergek.kaz парақшасы жариялады. Бейнежазбада велосипедтің тұрғын үй кіреберісінің маңына құлағаны көрінеді. Оған дейін дәл сол жерден кішкентай бала өтіп кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, велосипед 11-қабаттан құлаған. Абырой болғанда, оқиға салдарынан ешкім зардап шеккен жоқ.
Полицияның мәліметінше, оқиғаға қатысы болуы мүмкін кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдері анықталған.
«Полиция қызметкерлері кәмелетке толмаған баланың заңды өкілдерін анықтады. Оларға қатысты кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік хаттама толтырылды», – деп мәлімдеді ведомство.