Полиция қызметкерлері оның басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр
Астана қаласының полицейлері алаяқтық қылмысын жасады деген күдікпен 29 жастағы азаматты анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметтеріне сәйкес, күдікті өзін консалтингтік компанияның қызметкері ретінде таныстырып, мемлекеттік гранттарды рәсімдеу саласында қызмет көрсететінін айтқан. Ол жәбірленушінің сеніміне кіріп, қысқа мерзім ішінде мемлекеттік грант алуға көмектесетінін уәде еткен.
Күдікті грантты мақұлдату, құжаттарды дайындау және түрлі ұйымдастыру шығындарын сылтау етіп, жәбірленушіден бірнеше рет ақша қаражатын алған. Алайда уәде етілген грант берілмеген, ал алынған қаражат өз мақсаттарына жұмсалғаны анықталды.
Осылайша, алаяқтың әрекетінен жәбірленушіге 4 миллион теңге көлемінде материалдық шығын келтірілген.
«Қазір осы факт бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің осыған ұқсас өзге де алаяқтық әрекеттерге қатысы бар-жоғын анықтауда. Астана қаласы Полиция департаменті азаматтарға мемлекеттік гранттар, жеңілдетілген несиелер, тұрғын үй бағдарламалары немесе әлеуметтік төлемдерді рәсімдеуге көмектесемін деген күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді. Мемлекеттік қолдау шаралары ресми тәртіппен беріледі және ол үшін ешкімге ақша берудің қажеті жоқ», - деп хабарлайды полиция.