Ақмола облысында орманда жоғалған қыз жарты сағатта табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол орман ішінде жидек теріп жүріп адасып кеткен

Көрнекі фото: ашық дереккөзден

Ақкөл қаласының іргесіндегі орман алқабында адасқан 18 жастағы қыз тәртіп сақшыларының шұғыл іздестіру амалдарының нәтижесінде аман-есен табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

23 шілде күні Ақкөл аудандық полиция бөлімінің кезекші бөлімшесіне телефон шалған 18 жастағы қыз Ақкөл қаласының қайыңды орман арасында адасып кеткенін хабарлаған. Полиция өкілдерінің айтуынша, қатты қорыққан қыз ұялы телефонының қуаты бітуге жақын екенін айтып, нақты қай жерде жүргенін білмейтінін жеткізеді.

«Тәртіп сақшылары орман ішінде адасып кеткен қызды табу үшін шұғыл кешенді іздестіру шараларын ұйымдастырды. Жүрген ізінен жаңылысып, орманнан шығуға әрекеттенген 18 жастағы қызды іздеуге полиция бөлімінің жеке құрамы, төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері «Авилесса» әскери күзет сарбаздары, орманшылар мен еріктілер атсалысты. Полицияның және басқа да сала мамандарының бірлескен жұмысының нәтижесінде, жоғалған қыз жарты сағат аралығында аман-сау табылды. Қалың тоғай ішінде жидек терудің қызығына түсіп кеткен қыз адасып кеткенін байқамай қалған», - дейді Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Әсем Әбдірахманова.

Іздеу шараларына 10 автокөлік (екеуі жол талғамайтын көлік) пен бір тікұшақ қолданылған. Қазір адасып кеткен қыз бала аман-есен үйіне оралды. Ол жедел көмек көрсеткен тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы