Астана маңындағы бекетте полицияның қызметтік иті ірі көлемде есірткі тапты (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Бакс есімді қызметтік ит көліктің біріне қарай ұмтылып, полицияға белгі берген

Фото: Azattyq Rýhy

Астананың кіреберісіндегі пост-бекеттердің бірінде ірі көлемде гашиш әкеле жатқан ер адамды полицияның қызметтік иті анықтап, күдіктіні қолға түсіруге көмектесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Полицияның мәліметінше, ер адам гашишті пластмасс бөтелкеге салып, әкеле жатқан.

«Күн сайын төрт аяқты көмекшілер кинологтармен бірге тергеу-жедел топтарының құрамында қызмет атқарады, жедел-профилактикалық іс-шараларға қатысады. Көлік құралдарын тексеру мақсатында бекеттерде кезекшілік етеді. Қызмет барысында Бакс бір автокөлікке қарай үріп, белгі берді. Тексеру кезінде көліктің алдыңғы жолаушы орындығынан өзіне тән иісі бар сұр түсті зат салынған бөтелке табылды. Анықталғандай, бұл зат гашиш болған. Тыйым салынған заттың 40 жастағы иесі ұсталды», - деп хабарлайды полиция.

Табылған зат тәркіленіп, қылмыстық іс қозғалды. Жалпы, жыл басынан бері Астананың полициясы қызметтік иттердің көмегімен 32 қылмыстың бетін ашыпты.