Сот 56 жастағы ер адамға 50 АЕК көлемінде айыппұл салып, оның әрекетін күш қолданусыз жасалған сексуалдық сипаттағы іс-әрекет ретінде бағалаған
Шымкентте сегіз жасар қызға тиіскені үшін 56 жастағы ер адам бас бостандығынан айырылмай, небәрі 50 АЕК көлемінде айыппұлмен құтылды. Мұндай шешімді сот айыпталушының кінәсін мойындап, шын жүректен өкінгенін және ІІ топтағы мүгедектігі бар екенін ескере отырып шығарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мәліметке сәйкес, сот процесі жабық режимде өткен. Қыздың анасы сот отырысына онлайн форматта қатысқан. Ол балаға тиіскен ер адамға қатаң жаза тағайындалады деп күткен. Алайда айыпталушы соттан жеңілдік сұрап, нәтижесінде 216 мың теңге көлемінде айыппұл төлеп, бостандықта қалған. Мұндай жаза көпшіліктің наразылығын тудырды.
Еске салсақ, бұған дейін әлеуметтік желілерде бейнебақылау камераларының жазбасы тараған болатын. Кадрларда 56 жастағы ер адамның балаға қол тигізіп, сүйіп, өзімен бірге үйіне алып кетуге әрекеттенгені көрінеді. Алайда қыз оның қолынан сытылып шығып, қашып кеткен.
БАҚ мәліметінше, нақты бас бостандығынан айыру жазасының орнына айыппұл тағайындалуына оның әрекеттері «күш қолданусыз жасалған сексуалдық сипаттағы өзге де әрекеттер» ретінде сараланғаны себеп болған.