Ақтауға Қазақстанның оңтүстігінен ірі көлемде есірткі тасыған адам ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Бақыт Шынар

Одан тәркіленген есірткінің көлемі 4 келіден асқан

Фото: скриншот

Ішкі істер министрлігінің есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті Ақтауға оңтүстік өңірден есірткі тасыған ер адамды қолға түсірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу дерегіне сүйенсек, бұл адам оңтүстіктен батысқа есірткі әкелетін арнаның ізін салған.

«Маңғыстау облысына еліміздің оңтүстік өңірлерінен каннабис тобына жататын аса ірі мөлшердегі есірткі тасып отырған арна анықталып, жабылды. Мамыр айының соңында Ақтау қаласында есірткінің заңсыз айналымына күдікті ер адам ұсталды. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында гашиш есірткісі салынған төрт пакет тәркіленді. Сараптама қорытындысына сәйкес тәркіленген есірткінің жалпы салмағы төрт килограмнан астам», - деп хабарлайды ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитетінің басқарма бастығы Бақытжан Әмірханов.

Қазір ер адамның үстінен қылмыстық іс қозғалып, ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.