Қазақстандық балаға өмір сыйлаған дағыстандық жігіт Алматыға арнайы келді

Ахмет Абдуллаев кішкентай Абдуллаға донор болған 

Қазақстандық балаға өмір сыйлаған дағыстандық жігіт Алматыға арнайы келді
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстандық жеті жасар Абдуллаға донор болып, өмір сыйлаған дағыстандық Ахмет Абдуллаев Алматыға келіп, баламен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үш жыл бұрын Абдулла Яхияровқа «Апластикалық анемия» диагнозы қойылады. Бұл ауру басталғанда сүйек кемігі қан жасушаларын шығаруды тоқтатып тастайды.  Баланы аман алып қалудың жалғыз жолы - сүйек кемігінің трансплантациясын жасау болды.

Дәрігерлер алдымен баланың туған бауырларын тексеріп көрді, бірақ олардың жасушалары сәйкес келмеді. Осыдан кейін мамандар халықаралық іздеу салып, сәйкес келетін донорды Ресейден тапты. Ол донор - Дағыстанда тұратын 30 жастағы Ахмет Абдуллаев есімді азамат еді. Қызығы, кішкентай Абдулланың да ата-тегі Дағыстаннан шыққан.

2023 жылдың сәуірінде Алматыдағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының мамандары Абдуллаға ота жасап, ол сәтті өтті.

Қазір Абдулланың денсаулығы жақсы, биыл 1 – сыныпты аяқтады. Ереже бойынша, донор мен реципиент арада бірнеше жыл өткенше кездесе алмайды.

Жақында арада 3 жыл өткенде, Ахмет Абдуллаев Алматыға арнайы келіп, өзі өмір сыйлаған кішкентай Абдулламен алғаш рет жүзбе-жүз кездесті. Әсерлі сәтте Абдулланың анасы көз жасына ерік берді. Бала өзінің құтқарушысын құшақтап, алғыс айтты.

Ахмет Абдуллаев болса өзін батыр санамайтынын айтты.

«Нағыз батырлар – осы кездесудің өтуіне себеп болған барлық дәрігерлер. Дағыстанда да, Қазақстанда да еңбек еткен мамандарға алғысым шексіз. Мен тек себепкер болдым. Құдіреті күшті Алла мені осы балаға көмектесу үшін таңдады», - деді ол.

Балалар онкологиясы мен гематологиясы республикалық орталығының басшысы Гүлнара Әбділова жылдан-жылға трансплантация жасаудың артып келе жатқанын атап өтті.

«2025 жылы Балалар онкологиясы және гематологиясы орталығында 2500-ден астам бала ем қабылдады. Барлығы 58 трансплантация жасалды, оның ішінде 18 аутологиялық, 8 гаплоидентті және 31 гемопоэздік дің жасушаларын аллогендік трансплантаттау, сондай-ақ туыстық байланысы жоқ донорлардан 12 трансплантаттау орындалды, - деді ол.

Донор мен реципиенттің кездесуі сүйек кемігі доноры болудың қаншалықты маңызды екенін қоғамға түсіндіру мақсатында ұйымдастырылды.