БҚО-да полицей жігітіне сеніп, 7 жылға сотталып кеткен қыз араға бір жыл өте ақталып шықты

Ол есірткі қылмысы бойынша сотталған 

БҚО-да полицей жігітіне сеніп, 7 жылға сотталып кеткен қыз араға бір жыл өте ақталып шықты
Фото: Әсет Құндақбаев

Батыс Қазақстан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі алқасы есірткі таратты деген айыппен ұсталып, 7 жылға сотталып кеткен қызды толықтай ақтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Орал апталығының жазуынша, қызды сүйіктісі алдап, түрмеге тыққан.

Бәрі махаббат хикаясынан басталған. Қызға полицей жігіт көңілін білдіріп, кездесуге шақырады. Уақыт өте келе олардың бір-біріне ыстық сезімі оянып, жұп болып жүре бастайды. Қыздың сеніміне әбден кіргеннен кейін, полицей өзінің ара-тұра мефедрон қолданатынын айтып, есірткі тауып бере алатын таныстарының бар-жоғын сұрастыра бастайды. Ешқашан есірткіге жоламаған қыз сырттай бір адамның осындай іспен айналысатынын айтқан. Полицей оған хабарласып 5 грамм мефедрон алғызып беруді сұрайды. Қыз алғашында бас тартқанымен, ақыр соңында жігітінің көңілі үшін көнеді. Есірткіні сатып алу сәтінде қыз бен сатушыны өзге полиция қызметкерлері қолға түсіреді. Осылайша жазықсыз ару 7 жылға сотталып кетеді.

БҚО соты істі қайта қарап, төменгі инстанцияның шешімін заңсыз деп тапты.

«Облыстық сот алқасы полицейдің куәлігін жалған деп шешті. Ол қылмыстық іс қозғалғанға дейін сотталған қызбен жақын қарым – қатынас құрып, сеніміне кірген, сосын мефедрон сатып алуға итермелеген. Билігін асыра пайдаланған Енді прокуратура арандату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғап, ол сот алдында жауап беруі тиіс», - деді адвокат Руслан Шағатаев.

Сот алқасы полиция қызметкерінің әрекетін арандатушылық деп бағалап, қызды бостандыққа шығарды.

Мақалада
#Орал #сот #полиция