Былтыр 2,4 трлн теңге бюджет қаражаты қайта бөлінген - Жоғары аудиторлық палата

Автор: Темірхан Айжан

Тиімсіз пайдаланылған қаражат сомасы 2024 жылғы деңгейден 1,7 есеге асып түсті

Фото: gov.kz

Қазақстанда 2025 жылы республикалық бюджет шығыстарын оңтайландыру барысында 2,4 трлн теңге қайта бөлінген. Бұл туралы Мәжіліс отырысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Палата басшысының сөзінше, жекелеген бюджеттік бағдарлама әкімшілері кейбір бағыттар бойынша жоспарланған қаражаттың 90%-іне дейінгі бөлігін басқа арнаға бұрған.

«Жыл ішінде республикалық бюджеттен жалпы құны 75 млрд теңгені құрайтын 99 жоба алып тасталды. Аяқталуы жоспарланған 600-ден астам инвестициялық жобаның 20%-ті аяқталмаған. Тиімсіз пайдаланылған қаражат сомасы 2024 жылғы деңгейден 1,7 есеге асып түсті. Қаражат жоғары деңгейде игерілгенімен, жоспарланған нәтижелерге қол жеткізілмеуде», - деді ол.

Әлихан Смайылов қаражаттың игерілу көрсеткіші жоғары болғанымен, нәтижесі көңіл көншітпейтінін ашып айтты. Орталық мемлекеттік органдарда бюджеттік бағдарлама индикаторларының 5%-і, ал өңірлерде 33%-і орындалмай қалған.

Жоғары аудиторлық палатаның есебінше, әсіресе цифрландыру, ауыл және су шаруашылығы, сондай-ақ экология салаларында 11 негізгі ұлттық индикатор мен 30-дан астам нысаналы көрсеткіш орындалмаған.