«Өрт сөндірушілер 250 мың теңге жалақы алады»: Экология вице-министрі орман қызметкерлерінің айлығы 2 есеге өскенін айтты

Автор: Темірхан Айжан

Ал маусымдық жұмысшылардың орташа жалақысы 150–160 мың теңге

Фотоколлаж: Әбілқасым Есентаев/Azattyq Ruhy

Экология министрлігі Қостанай облысында болған ірі орман өртінен кейін саланы жаңғырту және қызметкерлердің жағдайын жақсарту бойынша бірқатар шаралар қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«2023 жылы бюджет нақтыланған кезде орман шаруашылығының материалдық-техникалық базасын нығайтуға алғаш рет қажетті қаражат бөлінді. Бүгінге дейін 2106 бірлік техника жеткізілді. Олар Орман шаруашылығы комитетіне қарасты ұйымдарға, орман мекемелеріне және жергілікті атқарушы органдарға берілді. Атап айтқанда, 371 өрт сөндіру автокөлігі, 529 шағын орман өртін сөндіру кешені, 853 трактор, 253 патрульдік автокөлік, сондай-ақ басқа да арнайы техника сатып алынды», - деді Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиев.

Оның сөзінше, бүгінде «Семей орманы» 100 пайыз техникамен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта мұнда 82 өрт сөндіру автокөлігі бар, ал норматив бойынша олардың саны 70 болуы тиіс. Ескі техниканың барлығы есептен шығарылып, қолданыстағы парк негізінен жаңа техникадан тұрады.

«Өрт сөндіруге арналған тракторлар да толық жаңартылды. Қазір олардың саны 79 бірлік, бұл толық қамтамасыз ету деңгейін білдіреді. Сондай-ақ шағын орман өртін сөндіру кешендері бойынша жаңа норматив енгізілді. Бұлар көлемі 500-800 литр болатын, өрт орнына бірінші болып жететін мобильді кешендер. «Семей орманында» олардың саны 49, ал норматив бойынша 36 бірлік.  Бұл өңірде орман өрттері жиі болатындықтан, техника санын нормативтен жоғары деңгейде ұстап отырмыз. Кей кездері тәулігіне 37 өрт ошағы тіркелген жағдайлар болды», - деді ол.

Экология вице-министрінің айтуынша, 2022–2024 жылдары орман саласындағы азаматтық қызметшілердің жалақысы 100 пайызға, яғни екі есеге өскен. Бұдан бөлек, өміріне қауіп төндіретін жағдайда жұмыс істейтін және өрт сөндіруге тікелей қатысатын қызметкерлерге 100 пайыздық үстемақы белгіленді.

«Қазіргі таңда өрт сөндіру автокөлігінің жүргізушісі еңбек өтіліне қарай орта есеппен 275 мың теңге, орманның өрт сөндіру станциясының басшысы 355 мың теңге, ал орманның өрт сөндіру қызметкері шамамен 250 мың теңге алады. Ормандарда және ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда жұмыс істейтін мемлекеттік инспекторлардың жалақысы бұдан да жоғары. Алайда 100 пайыздық үстемақы әкімшілік қызметкерлерге және маусымдық жұмысшыларға қолданылмайды. Бухгалтерлердің, экономистердің және маусымдық жұмысшылардың орташа жалақысы 150–160 мың теңгені құрайды. Дегенмен, мысалы, «Семей орманы» резерватында үнемделген қаражат пен арнайы шот есебінен қосымша төлемдер қарастырылған.  2021 жылмен салыстырғанда өміріне қауіп төндіретін жағдайда жұмыс істейтін қызметкерлердің еңбекақысы үш есеге өсті. Қалған қызметкерлердің жалақысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес екі есеге артты», - деді ол.

Еске салайық, 12 маусым Жалпыұлттық аза тұту күні және қаза тапқан орманшыларды еске алу күні болып жарияланған.