«Қой сияқты бауыздап, 30 жерінен пышақтаған»: Германияда қаза тапқан экс-судья Айгүл Сайлыбаеваның ата-анасы ашық сұхбат берді (ВИДЕО)

Автор: Асқарова Қарлығаш

Жақындары  қылмыстық іс екі жыл бойы алға баспай тұрғанын айтады

Фото: скриншот

2024 жылдың маусым айында Германияның Бенсхайм қаласында Қазақстан азаматы Айгүл Сайлыбаеваның өлімі туралы хабар тараған еді. Көп ұзамай жергілікті полиция оның өліміне қатысы бар деген күдікпен енесі, Ресей азаматы Наталья Донцованы іздеуге жариялаған. Алайда арада екі жылға жуық уақыт өтсе де, іс бойынша нақты нәтиже жоқ дейді жақындары. Бұл туралы олар ресейлік журналист Ксения Собчакқа берген сұхбатында айтқан,  деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айгүлдің жақындарының айтуынша, күйеуі Александр Донцов жұбайының жоғалғаны туралы полицияға хабарламаған, ал Айгүлді іздеумен Қазақстандағы туыстары айналысқан. Дәл осы уақытта Наталья Донцова Ресейге кетіп қалған. Кейін Александр Донцов та Айгүлден туған қызы Жаклинді алып Ресейге қоныс аударған. Қазір олар жасырынбай, қалыпты өмірлерін сүріп жатқан көрінеді. 

«Қолымызда сараптама қорытындысы бар. Онда қызымыздың денесіне 30-дан астам жерден пышақ жарақаты салынғаны жазылған. Басынан екі рет соққы алған. Сарапшылардың қорытындысына қарағанда, алдымен есінен танып қалған, содан кейін пышақталған. Қызымызды аса қатыгездікпен өлтірген. Қой сияқты бауыздап тастаған. Бұдан бөлек, басына қышқыл төгілген. Соның салдарынан шашы түсіп қалған, көздері де көрінбей қалған. Бұл суреттерді жерлеу рәсімімен айналысқан қызметкерлер түсірген. Кейін сол фотоларды ұлымыз Жанатқа беріпті. Оның мұрнындағы меңі ғана көрінеді, бірақ бет-аузын тану мүмкін емес», – дейді марқұмның ата-анасы.

Марқұмның жақындарының сөзінше, арада екі жылға жуық уақыт өтсе де, тергеу ісінде айтарлықтай ілгерілеу жоқ. Күдікті Наталья Донцова әлі күнге дейін Еуроодақ аумағында іздеуде жүр. Ал Германия мен Ресей арасындағы құқықтық ынтымақтастықтың әлсіздігі бұл істің алға жылжуына, күдіктіні ұстауына кедергі болып отыр. 

Одан бөлек, Айгүлдің күйеуі Александр Донцовқа қатысты жуырда Қазақстанда да қылмыстық іс қозғалған. Соған қарамастан ол Ресейдегі Жоғары экономика мектебінде жұмысын жалғастырып келеді. Тіпті ол ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарына сұхбат беріп, өзіне тағылған айыптардың бәрін жалған деп мәлімдеген.

Ал Айгүлдің отбасының мүддесін қорғап жүрген адвокаттар Александр Донцовтың бұл іске қатысы болуы мүмкін деп есептейді. Олардың пікірінше, ол кем дегенде қылмыстың ізін жасыруға қатысқан болуы ықтимал.

Марқұм Айгүлдің ата-анасы немерелері Жаклинді іздеп, онымен жүздесудің жолын табу үшін Мәскеуге барған. Сонымен қатар Қазақстан елшілігінде кездесу ұйымдастыруға тырысқан.

Сұхбат барысында олар істің қалай өрбігенін, тергеудің қай тұста тұйыққа тірелгенін және әділдікке қол жеткізу үшін тағы қандай мүмкіндіктер бар екенін айтып берген. 

Еске сала кетсек, марқұм Айгүл Сайлыбаева аяусыз пышақталған кезде құрсағында жеті айлық сәби болған.