Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты: қаза тапқан үшінші адамның анасы Александр Пакқа кешірім берді
Олар апатқа кінәлі жүргізушіге тағар айыбымыз жоқ деген
Бүгін, 8 маусым күні Алматы сотында жол апаты кезінде 3 адамды өлтірді деген күдікпен сотталып жатқан Александр Пак қаза тапқан үшінші адамның туыстарынан кешірім тапқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy
Айта кетейік, сот басталғаннан бері екі адамның туыстары Zeekr көлігінің иесін кешіреміз деген еді. Ал, бүгінгі сот отырысында марқұм Томирис Қадырбектің анасы «сот не шешсе, сол болсын, жүргізушіге тағар айыбым жоқ» деп мәлімдеген. Яғни, марқұм бойжеткеннің анасы «Алаксандр Пак моральдық және материалдық шығынды толық өтеді» деп мәлімдеп отыр.
Еске салайық, жантүршігерлік жол апаты 21 наурыз күні таңғы сағат 03:30 шамасында болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Zeekr көлігіне жалған мемлекеттік нөмір тағылған, ал жүргізуші мас күйде болып, сағатына 219 шақырым жылдамдықпен жүрген. Кейін көлік қарсы бағытқа шығып кетіп, Mercedes автокөлігімен соқтығысқан. Салдарынан неміс көлігінің 29 жастағы жүргізушісі мен оның 20 және 22 жастағы жолаушы қыздары оқиға орнында көз жұмды.
Zeekr жүргізушісі жарақат алып, ауруханаға жеткізілген. Емделіп шыққаннан кейін, сәуір айының басында ол тергеу изоляторына қамалды.
28 мамырда Алматыда Әл-Фараби даңғылындағы жол апаты бойынша сот отырысы басталды. Үш адамның өмірін қиған жол-көлік оқиғасына күдікті сот барысында марқұмдардың туыстарынан кешірім сұрады.
Бұған дейін сотта қаза болғандардың екеуінің туыстары жүргізушіні кешіргендерін айтып, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Олар күдіктінің барлық материалдық шығынды өтегенін алға тартқан еді.