«Ата-анасына да, өзіне де айыппұл саламыз»: Астана полициясы велосипед мінген балалар көбіне қандай ереже бұзатынын айтты

Автор: Бақыт Шынар

Сол ережелерді сақтамағандар көбіне жол апатына түседі дейді полиция өкілдері

Фото: istockphoto.com

Бүгін Астана коммуникациялыр қызметінің брифингісіне келген Полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасы бөлімінің бастығы, полиция подполковнигі Бауыржан Тоқжұманов велосипед мінген балалардың жол апатына қатысты пікір білдірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Дәлірек айтсақ, ол велосипед мініп, ірі көшелерде жүретін балалар мен жасөспірімдер қандай ереже сақтамайтынын айтқан. Оны анықтау үшін полиция талдау жүргізген.

«Талдау көрсеткендей, кәмелетке толмаған балалар велосипедпен жүрген кезде рұқсаты жоқ жолдарды кесіп өтеді, жанында ересек адам болмайды, жаяу адам жүретін жолға келгенде, велосипедінен түспейді. Осы ережелерді сақтамау – жол апаттарының негізгі себебі болып отыр», - дейді Бауыржан Тоқжұманов.

Бұл ретте Бауыржан Тоқжұманов ереже бұзғаны үшін балаға да, ата-анаға да айыппұл салынатынын айтты. Яғни, бала 16 жасқа толмаса, онда оның ата-анасы, ал, бала 16 жастан асса, өзі әкімшілік жазаға тартылады.

Естеріңізге сала кетейік, биыл 26 мамыр күні Астанадағы Тәуелсіздік даңғылы мен Пушкин көшесіне бұрылатын тұста бетон араластырғыш көлік велосипед мініп, қатты жылдамдықта жолды кесіп өтпек болған баланы қағып кеткен еді. Бала оқиға орнында жан тапсырды.