Қаржы мониторинг агенттігі осы қаржы пирамидасына қатысты 14 облыста тергеу жүргізіп жатыр
Қаржы мониторинг агенттігі агрессивті жарнаманың «арқасында» қазақстандықтарды алдап, салым алған «CVK» қаржы пирамидасының қызметін тоқтатты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қазір агенттіктің әр аймақтағы департаменті 14 өңірде сотқа дейінгі тергеу жүргізіп жатыр. Қаржы пирамидасы ауадағы акцияларын сатып, әр салымшыға жалған жеке кабинет ашып, ол кабинетке «тауар» іліп қойған. Бұл заңсыз схемаға 1,5 мың адам алданған.
«Қаржы пирамидасы агрессивті өңірлік маркетинг пен ауқымды жарнамалық науқанның «арқасында» жабық үгіт-насихат кештерін өткізіп, кеңселерін салтанатты түрде ашып отыр. Аталған іс-шаралар әлеуметтік желілерде кеңінен жарияланып, халықтың сенімін қалыптастыру құралы ретінде пайдаланылған», - деп хабарлайды ҚМА.
Агенттік жедел шаралары арқылы қаржы пирамидасының 474 мың USDT көлеміндегі криптоактивіне тыйым салған. Сондай-ақ, агенттік осы қаржы пирамидасынан зардап шеккен қазақстандықтар болса, агенттікке хабарласуларын сұрайды.